Кафедраның тарихы

Бүгінгі орыс филологиясы кафедрасының тарихы аса тереңде. Кафедра өз жұмысын 1932 жылы бастаған болатын. Кафедра тарихы Қазақстандағы білім беру мен тәрбие ісіне қомақты үлес қосқан ғалым-ұстаздардың ғұмырнамасымен ұштасып жатыр. Олар - Бойко В.С., Утехина К.А., Малеча Н.М., Евстратов Н.Г., Соллертинский Е.Е., Беисова К.П., Фокин Н.И., Костюков В.М., Шибаева А.Л., Коротин Е.И. және тағы басқалар. Осы ғалым-ұстаздардың жемісті еңбегінің арқасында кафедра өзінің «ғылыми болмысын» жетілдірді. Кафедраның алғашқы меңгерушісі болып шет елдер әдебиетінің маманы, профессор В.С.Бойко қызмет етті. Дербес кафедра боп бөлінген уақыттан бастап (1934 ж.) орыс тілі кафедрасының меңгерушісі қызметіне К.А.Утехина сайланып, ал орыс және шетел әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметін В.С.Бойко жалғастырған болатын.

К.А.Утехина тілшілер кафедрасының қайталанбас келбетін қалыптастырып, лингвистикалық пәндерді оқыту ісін жоғары деңгейге көтерді. Осы қызмет еткен уақыт аралығында өз ісінің білгір мамандарын, тамаша русистерді тәрбиелеп шығарды. 30-40-шы жылдары онымен бірге В.И.Рахманина Е.С.Шапошникова, Е.О.Зенина, З.Я.Серова, К.П.Беисова, В.А.Алексеева, Н.М.Малеча, А.Л.Шибаевалар бірге қызмет етті.

К.А.Утехинадан кейінгі кафедрадағы маңызды тұлғалардың бірі – доцент Н.М.Малеча еді. Ол жергілікті говорлық ерекшеліктерді зерттеу ісінің бастаушысы боп, кейін бұл мәселе 30 жыл бойы кафедраның ғылыми ізденістерінің басты нысаналарының бірі болды. Қиын тағдырлы адам бола тұра (1934 жылы Оралға Украинадан зұлым адамдардың кеселінен жер аударылып келген), ол лингвистикалық танымы терең шынайы ғалым болып қала берді. Тың танымға жаны құмар Нестор Михайлович жыл сайын диалектологиялық материал жинақтау мақсатында облысымыздың түрлі елді-мекендеріне студенттер экспедициясын жасақтайтын. Оқытушылар мен студенттердің еңбегі арқасында кафедрада 7 мыңнан астам шығарма, түрлі диалект өкілдерінен жазылып алынған мәтіндері бар ғылыми диалектологиялық мұрағат жинақталды. Жиналған материалды зерттеу ісінің алғашқы нәтижесі - оның Жайық казактары говорының фонетикалық ерекшеліктеріне арналған кандидаттық диссертациясы еді.

Диалектологиялық экспедицияларға қатысушылардың арасында кафедраның болашақ оқытушылары – А.Л.Шибаева, Н.Г.Русакова; сондай-ақ диалектологиялық кабинет меңгерушісі, кейін белгілі өлкетанушы, журналист ретінде танымал болған Б.Пышкин және т.б. бар еді. Фольклор мен диалектология салалары бойынша жинақталған материалдар негізінде аспирантура ашылды (ғылыми жетекшісі – доцент Н.М.Щербанов).

Өзінің тұлғалық қалпына сай, Н.М.Малечаның тіл біліміне кіріспе пәнінен оқыған дәрістері де мәнділігімен, мазмұндылығымен ерекшеленетін. Ол өзге де пәндер бойынша (ежелгі славян тілі, қазіргі орыс тілінің фонетикасы) тартымды да тәлімді дәрістер курсын жүргізді. Доцент Н.М.Щербановтың «Казак Несторы» атты алғысөзімен жазылып, 2002-2004 жж. Орынбор кітап баспасы басып шығарған 4 томдық «Орал (Жайық) казактары говорының сөздігі» - «жылнамашы Несторға» арналған мәңгілік ескерткіш болып қалды.

Институт бітіргеннен кейін В.И.Рахманина 1938 жылы кафедрада жұмысқа қалдырылып, 1973 жылға дейін, яғни құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін табанды еңбек етті. К.А.Утехинадан кейін (1964-1968 жж.) кафедраға жетекшілік еткен – В.И.Рахманина болатын. Салмақты да байсалды ұстаз ретінде ел есінде қалған ол, қазіргі орыс тілінің өзге де тараулары, салаларымен қатар, синтаксистің шебер маманы еді. Оның ғылыми ізденістері жергілікті диалектімен байланысты болды. Осы материал негізінде ол Куйбышев (Самара) қаласында диссертациясын қорғап шығып, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент атанды.

К.П.Беисова көптеген жылдар бойы орыс тілінің практикумы, қазіргі орыс тілі пәндерінен дәріс беріп, студенттер үшін жанын беруге әзір ұстаз болған еді.

Н.М.Малечаның шәкірттерінің бірі А.Л.Шибаева Жайық казактары говорының морфологиялық ерекшеліктерін зерттеп, осы тақырып бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Доцент Л.А.Шибаева 1990 жылы құрметті демалысқа шыққанға дейін кафедрада жемісті еңбек етті. Өзінің сүйікті пәні – ежелгі славян тіліне студенттерді зор ынтамен оқытып, олардың ықыласына бөленді.

Н.М.Малечаның ізін басушы тағы бір шәкірті – облысымыздың бар аймағын диалектологиялық материал жинау мақсатында аралап шыққан Н.Г.Русакова. Кафедраның аға оқытушысы Н.Г.Русакова ұстазымен бірге қалған сара жолды жалғастырып, тіл біліміне кіріспе мен диалектология курстары бойынша тәлім беріп келді. Бұл орайда оған тең келетін маман кем де кем еді. Ал оның ғылыми ізденісінің нысаны – Жайық казактары говорының синтаксистік құрылымы еді. Қатал да талапшыл Надежда Георгиевна студенттерден терең білім талап ететін, сонысымен де олардың құрметіне бөленген-ді.

А.С.Крюкова кафедраға ҚазПИ-ді аяқтап, 50-ші жылдардың аяғында келді. Ол лексика, фонетика, стилистика және мәтінді лингвистикалық талдау курстарын өте жоғары дәрежеде оқып, үйретті. Келісімен Алла Серафимовна диалектологиялық экспедицияларға да белсенді қатысты, Орал облысының топонимикасы мәселесін жемісті зерттеді.

В.М.Костюков - өзінің бар ғұмырын кафедра және институтпен ұштыстырып өткен жан. Тамаша теориялық дайындықтан өткен ол қазіргі орыс тілінің бар саласынан танымы мол білгір маман еді. Профессор Х.Х.Махмудовтың жетекшілігімен аспирантураны бітіріп (ҚазМУ), оның стилистикалық мектебін жалғастырушы болды. В.М.Костюков пен оның көптеген студенттері жүргізген ізденістерінің басты салалары - стилистика мен сөзжасам.

50-ші жылдардың аяғында кафедраға Саратов университетін бітіріп Т.А.Лунева да келген еді. Ол орыс тілінің тарихы саласының танымал маманы болды, оның ғылыми ізденіс аймағы – сөйлеу тілінің синтаксисі болатын. Ол – адал да талапшыл ұстаз еді.

1968 жылы кафедра меңгерушісі қызметіне ҚазМУ-дан шақырылған доцент А.А.Кока сайланады. Білгір де байсалды ұйымдастырушы бола білген ол жас мамандарға аса назар аударатын. А.А.Кока кафедраны 1978 жылға дейін басқарды. Осы жылдары орыс әдебиетінің әдістемесі кафедрасы өз алдына кафедра болып бөлініп шықты.

1978 жылдан бастап кафедраға ММУ аспирантурасын тәмамдап, кандидаттық диссертациясын қорғап шыққан Н.С.Жигалин жетекшілік етеді. Профессор В.А.Белошапкованың шәкірті Н.С.Жигалин өзі таңдаған ғылыми ізденіс нысаны – қазіргі орыс тілінің синтаксисін әлі күнге дейін студенттерге оқытып келеді. Николай Сергеевич факультетте алғашқылардың бірі боп дипломшыларды дайындай бастады, осы уақыттан бері түлектердің диплом қорғауы игі дәстүрге айналды.

1983 жылдан бастап кафедра меңгерушілігі доцент К.Қ.Биалиеваға ауысады. Ол кафедраны 20 жыл басқарды, оның соңғы 10 жылы – орыс тілі мен әдебиетінің біріктірілген кафедрасын меңгерумен өтті. Сол жылдардағы кафедрадағы тұрақтылық пен оның жоғары ғылыми әлуеті – К.К.Биалиеваның қой жеткізген жемісі. Өз факультетіміздің түлегі Кабира Қабошқызы кандидаттық диссертациясын ҚазМУ-да қорғап, қазіргі күнге дейін қазіргі орыс тілінің морфологиясы мен синтаксисінен дәріс берді. Оның ғылыми зерттеулері де осы саламен байланысты. 1987 жылдың қырқүйегі мен 1988 жылдың наурызы аралығында КСРО білім Министрлігінің жолдамасымен Вьетнамда қызметтік іссапарда болып қайтты. Ол Ханой педагогикалық институтының студенттеріне қазіргі орыс тілінен дәрістер курсын оқып шықты, сонымен қатар орыс тілі мамандарының ғылыми-әдістемелік семинары жұмысына қатысты. «Халықтар достығы» медалімен марапатталды. 1988 жылдың тамызында Қазақстан русистері делегациясының құрамында Мәскеуде өткен МАПРЯЛ конгресінің жұмысына қатысты.

90-шы жылдары кафедраға доцент Р.Х.Латыпова келді. Жақсы теориялық дайындықтан өткен ол лексика, фонетика, морфология мен мәтінді лингвистикалық талдау курстарын тез арада меңгерді. Римма Хамитовнаның ғылыми ізденісінің басты саласы – көркем шығарма тілін талдау.

Осы жылдары кафедраға филология ғылымдарының кандидаты, орыс тілі тарихы мен жалпы тіл білімі саласының маманы Р.Д.Урунова келді. Ол ұжыммен тез тіл табысып, беделді ұстаз атанып, доцент атағын алады. Раиса Джавхаровна кафедра диалектологтарының ізін жалғастырып, диалектологиялық сараманға жетекшілік етеді. Ол «Орыс есімдіктерінің қызметтің аспектісі (синхронды және диахронды талдау)» тақырыбындағы докторлық диссертациясын аяқтады.

2001 жылы кафедраның қызметтік міндеттерінің ұлғаюымен (орыс тілін оқыту әдістемесінен сағаттар беріліп, студенттердің педагогикалық сараманы кафедраға бекітіледі) байланысты кафедра ұжымы Л.К.Даминова мен И.В.Бисингалиева секілді педагогика ғылымдарының кандидаттарымен толықты. Л.К.Даминованың ғылыми зерттеу мәселесі – «Қазақ тілінде оқитын оқушылардың орыс тілі сабақтарындағы сөйлеу (қызметін) дағдысын арттыру». Оның шығармашылық ғұмырнамасындағы маңызды беттердің бірі – 2 жыл бойы Лаостағы Вьентьян педагогикалық университетінде қызмет етуі (1984-1985 жж.). Люзья Кадимовна филолог – студенттердің педагогикалық сараманына жетекшілік етіп, орыс тіліне оқытудың инновациялық әдістерін енгізіп жүр.

Өзге де оқытушылармен бірге кафедра дәстүрін жалғастырушылардың бірі – доцент Г.А.Донскова, лексиколог және стилист. Олардың қатарында «Орыс мектебіндегі қазақ тілінің лексикалық минимумдары» тақырыбында жұмыстанып жүрген оқытушы Қ.Б.Лұқпанов та бар.

Оқу үрдісін ұйымдастыруда кафедра зертханашылары да өздерінің зор үлесін қосып жүр. Олардың ішінде В.И.Захарьянцты, И.Войтицкаяны және Н.С.Валитованы ерекше атап өтуге болады. Н.С.Валитова қазіргі таңда аға зертханашы қызметін абыроймен атқарып келеді.

30-шы жылдары кафедраға Г.И.Куликов келді. Ол көзінің зағибтығына қарамастан, студент жанын көре білген ұстаз еді. Ол «Әдебиеттануға кіріспе», «Ежелгі орыс әдебиеті» және т.б. дәрістер курсын оқыды. Ол үшін дәріс тек теориялық материалды мазмұндау ғана емес еді, ол үшін әр дәріс – студентке шерткен сыр болатұғын. Ол «Протопоп Аввакумның ғұмырнамасын», әсіресе «Петр мен Феврония» туралы повесті» өте жақсы көруші еді, сондықтан да болар оларды жатқа соғатын. 60-жылдары Г.И.Куликов педагогика кафедрасында істеп, аса күрделі пән – логика курсын жүргізді.

Кафедраның еш күмәнсіз беделді ұстазы деп атауға лайық жандардың бірі Н.Г.Евстратов еді. Ол өзінің еңбек жолын осы жылдары бастаған еді. Саратов университетінің түлегі, ол шынайы орыс интеллигенті еді. Ол оқыған Х1Х ғасырдағы орыс әдебиетінің тарихы курсы қандай тереңдігімен, әсерлілігімен есте қалды.

Николай Гаврилович тамаша әңгімеші болатын, Пушкин, Короленко жайында, Орал казактары, олардың қайталанбас мәдениеті туралы сағаттап әңгіме айтудан жалықпайтын. Ол зерттеген ғылыми мәселе В.Г.Короленко шығармашылығымен байланысты болатын. 1941 жылы кандидаттық диссертацияны қорғаған соң да, ол Короленко туралы бірнеше кітап жазып қалдырды. Ол 1938-1954 жылдары орыс және шетел әдебиеттері кафедрасына жетекшілік етті. Ол әр кез ғылыми ізденістерге жаны құмар адам еді, биік лауазымдарға қызықпайтын.

Соғысқа дейінгі және соғыс жылдары шетел әдебиеті курсын П.В.Таран жүргізген еді. Кейін ол Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты директорының орынбасары қызметіне ауысты. Бұл курсты сонымен қатар жер аударылған «украин ұлтшысы» Е.З.Литовченко да ақылды да байсалды, жан-жақты білімді Т.Беисов те (институт директорының орынбасары), зиялы да салиқалы Н.Г.Евстратовтың жұбайы Л.А.Рябинская да жүргізді. Ол көптеген жылдар бойы У111 ғасырдағы орыс әдебиеті курсынан дәріс беріп келді.

Студенттердің сүйікті ұстазы – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қызыл Ту орденімен марапатталған жауынгер Е.Е.Соллертинский болатын. Ол оқу материалын жетік білетін, классиктер шығармаларын, сондай – ақ орыс әдебиетінің «Күміс ғасырын» өте терең меңгерген жан еді. 50-ші жылдардың орта шамасында кафедраға жетекшілік етті, студенттерді әдеби конференцияларға, пікірсайыстарға, мәнерлеп оқу конкурстарына, спорттық жарыстарға қатысуға әр кез баулып жүретін.

Ғылымдағы өз жолын тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Е.И.Коротин де таба білді. Ол көптеген жылдар бойы (15 жылдай) факультет деканының орынбасары, кафедра меңгерушісі болды. Сан жылдар бойына Е.И.Коротин кафедра оқытушыларымен және студенттермен бірге орыс, казак, украин халқының дәстүрлі және қазіргі фольклоры шығармаларын жинақтады. Жинақтаған материалдар негізінде ол Жайық казактары фольклорлық жинағын басып шығарды.

Кафедраға 70-90 жылдар аралығында меңгеруші боп, жаңа буын жастарды тарта білген филология ғылымдарының кандидаты, доцент Н.И.Фокин де көп еңбек сіңірді. Кәнігі әдебиеттанушы Николай Иванович әр түрлі пәндерден дәріс берді. Қатал да талапшыл педагог ретінде ол студенттерді әр кез жауапкершілікке баулитын.

Шетел әдебиеті майталмандарының бірі - филология ғылымдары кандидаты, А.М.Горький атындағы әдебиет институтының аспирантурасын тәмамдаған Е.З.Салихов болды. Оның оқу материалын еркін меңгергендігі сондай, дәріс жоспарын ғана пайдалана отырып шетел әдебиетінің кез келген шығармасы бойынша қызықты да тәлімді етіп әңгімелеп бере алатын.

90-шы жылдары кафедраны Н.М.Щербанов басқарды. Щербанов алғашқы боп жазушы И.И.Железновтың шығармашылығын зерттеп, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. ХХ ғасыр басындағы орыс әдебиетінің Күміс дәуірі бойынша дәріс курсын беріп жүргенімен, ол фольклор мен әдеби өлкетануға деген ықыласын жоғалтқан жоқ. Мұның бір дәлелі – Н.М.Щербановтың жазып шыққан «Х1Х-ХХ ғасырдағы орыс әдебиетіндегі Орал өңірінің бейнеленуі» атты монографиясы мен докторлық диссертациясы.

Кафедраның өркендеуіне ММУ түлегі, Х1Х ғасыр орыс әдебиетінің маманы, тәлімді ұстаз, білікті маман А.Г.Табанова да өз үлесін қосты.

К.Я.Сурова мен З.И.Туаевалар кафедра тарихында шығармашыл әдіскерлер ретінде қалды. Ауылжанды, өлең десе өмірін беретін Клавдия Яковлевна Сурова орыс әдебиеті сабағын поэзия деп есептейтін, студенттер мен мұғалімдерді де осыған үйретуге талпынатын.

Зоя Ивановна Туаева - әдебиетті қазақ мектебінде оқыту әдістемесіне мол жаңалық қосқан ұстаз. Оның қаламынан бірқатар әдістемелік құралдар, мақалалар, сабақ жоспарлары шықты, мәдениетті, аса байсалды, еңбекқор жан ретінде ол студенттер мен мектеп оқушылары арасында зор құрметке бөленді. Осы кезенде ол мұғалімдер біліктілігін арттыру институтының тыңдаушыларына арнап ХХ ғасырдың соңы мен ХХ1-ғасырдың басындағы әдебиетті оқыту әдістемесі бойынша аса тартымды дәрістер курсын дайындап, оқып шықты.

А.Г.Табанованың шәкірті, қазіргі кезде Германияда орыс тілінен дәріс беріп жүрген Л.Н.Плахотная, студенттердің ұстаздық сараманының талантты жетекшісі В.П.Докшина, В.Г.Короленко шығармашылыған зерттеуші А.Н.Евстратов, ХУ111-ХХ ғғ. орыс әдебиетінің маманы Р.Э.Винник, сонымен қатар жас та болса болашағынан көп үміт күттіретін оқытушылар С.С.Фолимонов пен О.В.Опря да кафедра тірлігіне өз үлестерін қосты.

1986 КСРО-ның Педагогикалық Ғылымдар Академиясының ғылыми зерттеу институтында қорғалған Н.А.Выдринаның кандидатттық диссертациясының тақырыбы әдебиет теориясын мектепте оқытумен байланысты. Доцент Н.А.Выдрина ЖОО мен мектептегі әдебиетті оқыту әдістемесін жетілдіру, дамыту саласында белсенді тер төгіп келеді. Оның қазақстандық және шетелдік басылымдарда жарық көрген 30-дай жарияланымы бар. 2004 жылы Наталья Алексеевна «Қазіргі мектепте әдеби және фольклорлық шығармаларды оқытудың ерекшеліктері» атты әдістемелік құралын жариялады.

Қазіргі таңда кафедрада оқытудың дәстүрлі технологиялары оқу үрдісін арттырып, студенттердің шығармашылық әлуетін дамытуға бағытталған инновациялық технологиялармен алмастырылып келеді.

Кафедра жанынан магистратура ашылып, қазіргі таңда жыл сайын магистрлік диссертация қорғалып келеді.

Аға оқытушы Г.А.Донскова Пятигорск мемлекеттік лингвистикалық университетінде «Төменгі Поволжье мен Батыс Қазақстандағы эргономиялық номинация дамуының салыстырмалы – салғастырмалы сипаттамасы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап шықты.

Кафедра жүйелі түрде жалпы университет көлемінде пушкиндік поэзия мерекесін өткізіп тұрады, соңғы екі жылда екі халықаралық конференция ұйымдастырылды: «М.А.Шолохов шығармашылығы әлем әдебиеті контекстінде» және «А.С.Пушкин Батыс пен Шығыстың мәдени кеңістігінде». Алғашқысы ұлы жазушылының 100-жылдық мерейтойына арналса, соңғысы Қазақстандағы А.С.Пушкин жылына орай өткізілді.

Кафедра жұмысының елеулі жетістіктері - Н.М.Щербановтың табанды да табысты еңбегінің нәтижесі. Н.М.Щербанов ұзақ жылдар бойы кафедраның тұрақты меңгерушісі боп 2010 жылға дейін абыройлы еңбек етіп келді. Одан кейінгі жылда кафедра басшысы Н.А.Выдрина болды.

2012 жылы жалпы тіл білімі және аударма кафедрасы қайта құрылып орыс филологиясы кафедрасы мен шет тілі кафедралары жеке-жеке жұмыс жасай бастады. Сол жылдан бастап орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі болып филология ғылымдарының кандидаты, доцент Г.С.Умарова тағайындалды. Гүлнар Сейдеғалиқызы басшылығы кезінде кафедрада академиялық ұтқырлық мәселесі қатаң жолға қойылды. Г.С.Умарова тамаша ұйымдастырушы, «Картина мира казахского этноса в трудах В.И. Даля» атты монографиялардың, оқу құралдарының авторы.

2016 жылы жаңа оқу жылынан бастап кафедра басшылығы филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.А.Абдульмановқа жүктелді.