Өнермен өрнектелген өмір

Университетіміздегі студент-жастар сабақтан тыс уақыттарында әртүрлі шаралардың басы-қасынан табылып, ұйымдастырып, талай қызықты кештердің куәсі болып жатады. Бұл жолы да қазақ филологиясы студенттері 5 ақпан күні өздеріне қызықты кезекті шараны ұйымдастырып қана қоймай, сахна саңлағы, өмірі өнермен өрілген жанның өнегелі әңгімесіне қанықты.

Театр халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы болса, театрдағы басты тұлға, пьесадағы берілген жағдайға байланысты әрекет етіп, сахналық қаһарманның характерін жасайтын – актер. Осы екі ұғымды жете түсіне білетін студент-жастар қашанда театрдың тұрақты көрермендері болып келеді. Жастар және театр арасындағы етене байланысты нығайту, рухани сабақ алу, сахнаның көрерменге беймәлім тұстарымен танысу әсерлі кездесудің басты мақсаты еді. Әсерлі кештің бас кейіпкері Халықаралық «Шабыт» фестивалінің І дәрежелі лауреаты, Республикалық көркемсөз оқуларының жеңімпазы, мәдениет саласының үздігі, сахна шебері, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының белді әртісі - Жұбатова Нұрлыгүл Өтемісқызы. Студент-жастарға кейіпкеріміз театр сахнасынан университет болып күні кеше тамашалаған теріс діни ағым мен жат қылықтардан елді, әсіресе, жастарды сақтандыруды көздеген «Жәннат» драмасындағы Ана бейнесімен танымал. Жалпы Нұрлыгүл Өтемісқызының театр сахнасында жүргеніне 20 жылдан асыпты. Осынау уақыт еншісінде 40-тан аса: М.Хасеновтың «Пай-пай жас жұбайлар-ай» комедиясында - Зәурештің, Ғ.Мүсіреповтың «Айман-Шолпан» трагедиясында- Шолпанның, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» трагедиясында - Баянның, Д.Исабековтың «Әпке» спектаклінде Әпкенің, көне грек драматургы Еврипидтің «Троя арулары» трагедиясында Гектор батырдың жесірі Андромаханың образын сомдайды. Иран-Ғайыптың «Мәңгілік Елдің Алтын адамы» драмалық дастанында - Қазынаның рольін сомдағаны үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленді. Әңгіме барысында әртіс апамыз өнер жолының қиындығымен, оның ішінде театр әртісі болудың оңай еместігін, үнемі жауапкершілік пен ішкі дайындықты қажет ететіндігін айтып, тәжірибесімен бөлісті. Өнерге бала кезінен-ақ талаптанып, өскен ортасының да шығармашыл болғанын жеткізді. Студент кездегі қиындықтары мен қызықты сәттерін еске алып, жастар арасында бір марқайып қалғандай болды. Көрермен қауымнан оқша бораған небір сұрақтарына кейіпкеріміз еш кідірместен шынайы қалыпта, байыппен, мағыналы жауап бере білді.

Жаны жырға жақын кездесу қонағы бірнеше рет облыстық көркем сөз оқу шеберлері байқауларының жеңімпазы екенін айттық. Ол Н.Жантөрин атындағы республикалық көркемсөз оқу шеберлері байқауының лауреаты, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанды, оған да кездесу барысында көз жеткізіп, Дариға Мұштанованың «Ояулар» өлеңін жүректі қозғап, денені шымырлатып мәнерлі түрде көрермен аудиторияға оқып берді. Қазақтың салты бойынша сұралған қонақкәдесі де дайын қонағымыз, қазақтың қасиетті қара домбырасымен термелетіп, шалқар шабытқа бөледі.

Кездесу барысында қазақ филологиясы кафедрасының тіл мен әдебиетті ғана емес, өнерді де серік еткен дарынды жастары өз өнерлерін ортаға салды. Кейіпкерімізге «ана», «әйел» рөлдері жақын болғандықтан, балғын жүректерінен Таймұханова Ақбаян «Перзент парызын» шырқаса, Рахметова Зарина «Аяулы ананы» әуелетіп, расымен де кейіпкеріміз қоғамдағы әйел, отбасындағы ардақты ана, сахнадағы нәзік жанды әртіс екендігін әсерлей түсті. Мәрлен Ғилымхановтың өз жанынан шығарған өлеңі кеш көркін қыздырған болса, Асланбек Шығыровтың мәнерлеп оқыған өлеңі кеш қонағын бір серпілтіп, риза етті. Студенттер кездесу кезінде сахна сырымен бөлісіп, әртістердің қызығы мен қиыншылығы көп шығармашылығымен танысу мақсатындағы сұрақтарына, тұшымды, ұтымды, өнегелі жауап алғандай болды.

Шараға филология факультетінің деканы Мүтиев Зейнолла Жақсылықұлы қатысып, Нұрлыгүл Жұбатованың сомдаған рөлдері арқылы театр өнерінде өзіндік өрнегі бар әртіс екенін талдай отырып, ерекше ықыласын білдірді. Бұндай тәлімі мол іс-шаралар студент-жастарға керек екендігін баса айтты. Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Раманова Айгүл Абиболлақызы кеш соңында сөз алып, сахна сыры жайында қызықты, қажетті ақпарат алғандығын, жастар да осы кездесуге дән риза екенін жеткізіп, кездесу қонағына алғысын білдірді. Саф өнерімен дүйім көрерменді тәнті етіп жүрген өнер иесін студенттер қауымы гүл шоқтарымен көмкеріп, жылы тілектерін білдіріп жатты. Риза көңілмен тарқасқан кездесу соңы естелік суреттерге түсу сәтімен аяқталды.