Халқымыз «Ел алғысын алсаң елеулі боларсың», «Баталы ел арымас, батасыз ер жарымас» - деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сол секілді бізде қарияларымыздан бата алу мақсатында Светлана Габбасовнаның бастауымен ҚТӘ-11 тобының студенттері Бипан әжейдің үйіне барып қайттық. Бипан әженің ғибратты әңгімелерін тыңдап, ән айтып, көңілін бір көтеріп қайттық. Суретке де түстік.

«Бисмиллә» - деп сөз бастаған Бипан әжей қарагөз қыздарымызға оқу жолында, өмір жолында сәттілік тілеп, еліміздің бейбітшілікте өмір сүруін білдіріп, өзінің бата-тілегін берді. Әңгіме барысында жолдасының соғыс ардагері, ал, әжейдің тыл еңбеккері және де бір қызының бар екенін де білдік. Қызы бар данагөй қарияның жалғыз басты қалғаны бізді қынжылтты.

Дуалы ауыз қариядан алған ақ бата бізді ерекше қуантты. Мұндай жақсылық жасап, қариядан бата алу біз үшін тың серпіліс берді. Біз де бір адамның болса да жүзіне күлкі, көңіліне нұр сыйлағанымыз үшін қуаныштымыз.

«Жақсылық-жан азығы» демекші, осы игі бастамадан кейін, Милана есемді сырқат қызы бар жалғыз басты жас анаға аз да болса септігі тиер деген ниетпен қаржылай көмек қолын создық. Саналы жас буын өкілдері барда, кәрі ата –әжелеріміз бен жас бүлдіршіндеріміз қараусыз қалмақ емес.

Адам адамға жақсылық жасау үшін жаралған. Әркез жақсы істің бастамашысы бола білейік.

 

БҚМУ филология факультетінің

Қазақ тілі мен әдебиеті

мамандығының 1- курс студенттері

Несипбаева Мөлдір

Қуанышова Жанаргүл