Елбасы күніне арналған кезекті шара

1 желтоқсан ҚР-ның Тұңғыш Президенті күніне орай факультетімізде тағы бір шара өтті. 22 қараша күні І және ІІ курстар аралығында «Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше тұлғалық болмысы» тақырыбында «Брейн-Ринг» интеллектуалдық сайысы оздырылды. Сайыс 2 айналым, 3 бөлімнен құралған, топтық және команда капитандары арасында ойнатылды, сонымен қоса елбасымыздың өмірлік жолдарынан қызықты сұрақтар беріліп, тартысты өтті. Ұлт көшбасшысының алғашқы еңбек жолдары, саясаты, жыл сайынғы халыққа ұсынар жолдаулары жөнінде студенттеріміздің білімі мол екендіктеріне тағы бір көз жеткізгендей болдық. Аталмыш сайыста ІІ курстардан құралған «Болашақ» командасы және оның капитаны Жұмагелді Талант жеңіске жетті. Сайыс соңында студенттерге елбасымыздың өміріне арналған Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» фильмі назарға ұсынылды. Елбасы жолының қызықті әрі қиын көріністерін студенттер ұйып қарап, өздеріне мол мәлімет жинады. Бұл жайында І курс студенті Азамат Бақиев: «Бұл фильм интернетте де бар, қарар болсақ, алайда көп қауыммен қараған фильм есте жақсы сақталатыны сөзсіз. Елбасымыздың бала шағынан дана шағына дейінгі аралықты біле бермейді екенбіз. Сіздер бізге мол ақпарат бердіңіздер, алдағы уақытта өзге ұлттың алдында өз елбасымыздың өмірін біліп тұрғанға тең келер не бар» деп өз қуанышын, алған әсерін әдемі сөздерімен жеткізді. Университетіміздің студент жастарына азық болар дүниелер алда әлі көп.

 

Ұйымдастырушылар: Н.Ә. Назарбаев атындағы атаулы шәкіртақы иегері Сагидуллиева Сандугаш, филология факультетінің студенттік деканы Нұржанова Райхан.