2016 жылдың 9 желтоқсанында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қазақ филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен ардагер-ұстаз Жұмағазиева Шәнда Жұмағазықызының 90 жылдық мерейтойына орай «Еңбегі ерен, өмірі өнеге ұстаз» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Жиынға қазақ филологиясы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер, Жұмағазиева Шәнда Жұмағазықызының шәкірттері қатысты. Мерейтойды Өтемісов атындағы БҚМУ ғылыми жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры Ғ.И.Имашев пен тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Т.М.Даришева құттықтау сөзбен ашып, Шәнда Жұмағазықызының университеттте ұзақ жылдар әріптестері мен студенттері алдында абыройлы қызмет атқарғандығын атап өтті. Әріптесі, замандасы, ардагер-ұстаз Меруерт Жолдықайырқызы, шәкірттері М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты А.Ә.Ниязғалиева, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры А.С.Қыдыршаевтар Шәнда апайдың ұстаздық тұлғасын өз баяндамаларында сан қырынан танытты. Одан әрі сөз алған бір топ шәкірттері “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы БҚО бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру кафедрасының меңгерушісі Р.Ж. Бахтиярова, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент К.Х. Сапашевалар ұстаздарына ақ тілектерін білдірді. Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі А.А.Раманова ардагер-ұстаздың жүріп өткен жолы кейінгілерге өнеге екенін айта келіп, Шәнда Жұмағазықындай тұлғалар баға жетпес қазынамыз екендігіне мән берді.

Өмірлік тәжірибесі мол, нағыз еңбекқор, өмір жолы өнеге ұстаз-ананы мәңгілік мақтан тұтамыз!